Жүктіліктің 22 аптасына дейінгі мерзімде (қоса алғанда) жүкті әйелдерге ұшуға жарамдылығы туралы дәрігердің анықтамасын ұсынбай-ақ әуе тасымалына рұқсат етіледі.
Жүктіліктің 22 аптасынан бастап 34 аптаға дейінгі мерзімде (қоса алғанда) бір ұрықты жүктілікте және 22 аптасынан бастап 32 аптаға дейінгі мерзімде (қоса алғанда) көпұрықты жүктілікте жүкті әйелдер жүктілік мерзімін және денсаулығының қанағаттанарлық жағдайын растайтын медициналық ұйымның анықтамасын ұсынған жағдайда тасымалданады. Шетелдік әуежайлардан ұшқанда анықтама ағылшын тіліне аударылуы тиіс. Анықтаманың жарамдылық мерзімі – 30 күн. Алмасу картасы талап етілмейді.
Жүктіліктің 34 аптасынан асқан бір ұрықты жүктілік жағдайында және 32 аптасынан асқан көпұрықты жүктілік жағдайында жүкті әйелдер тек дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын ұсынған жағдайда ғана тасымалданады. Қорытынды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы №175/2020 бұйрығымен бекітілген №026/у нысаны бойынша ресімделуі тиіс. Шетелдік әуежайлардан ұшқанда қорытынды ағылшын тіліне аударылуы қажет. Қорытындының жарамдылық мерзімі – 30 күн. Алмасу картасы талап етілмейді.
Әуе компания босануға дейінгі 7 күнтізбелік күн ішінде босану күтілетін жүкті әйелдерді, медициналық қорытындысы болған күннің өзінде, тасымалдаудан бас тарта алады.
Босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелер бала туғаннан кейінгі алғашқы 7 күнтізбелік күн ішінде тасымалдауға қабылданбайды.
Экипаж бен жерүсті қызметкерлерінің шешімі бойынша жүкті жолаушының жалпы физикалық жағдайы ескеріліп, тасымалдаудан бас тартылуы мүмкін. Толық ақпаратты төмендегі сілтеме бойынша ала аласыз.